Бөлімдер санаты

Жаңалықтар

20 мамыр 2016
Қазақстан мен Сенегал Президенттері кездесуінің қорытындысы бойынша бірлескен брифинг өтті

 

Нұрсұлтан Назарбаев Сенегал Президентінің елімізге алғашқы сапары болашақ ынтымақтастыққа негіз қалайтынын айтты.

Африка құрлығы елдерімен жақындастыра түсетін бұл сапардың біздің ел ғана емес, бүкіл Орталық Азия өңірі үшін тарихи маңызы бар. Қазақстан мен Сенегал кең ауқымды мәселелер бойынша өзара тиімді іс-қимыл жасай алатынына сенімдімін. Елдеріміздің ұстанымдарының жақындығы бізге көпжақты құрылымдар аясында ынтымақтасуға мүмкіндік береді. біз Президент Саллмен биылғы қыркүйекте Қытайда өтетін «Үлкен жиырмалықтың» кезекті саммитінде кездесетін боламыз. Біздің республика БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне кандидатурамызды қолдағаны үшін Сенегалға ризашылық білдіреді, – деді Мемлекет басшысы.

Елбасы еліміздің БҰҰ аясында халықаралық терроризмге және экстремизмге қарсы іс-қимыл жөніндегі бірыңғай жаһандық желі құру туралы идеясын Сенегал Президенті қолдағанын мәлімдеді.

Мұсылман қауымдастығының мүшесі болғандықтан, біз Ислам ынтымақтастығы ұйымы аясында өзара ықпалдасуға уағдаластық. Бұл соның ішінде ИЫҰ-ның ғылым және технология жөніндегі саммитін 2017 жылы Астанада өткізу, «Ислам инфрақұрылымдық ықпалдастығы» жобасы туралы қазақстандық бастамаларға да қатысты. Сенегал жағы штаб-пәтері Астанада орналасатын Ислам азық-түлік қауіпсіздігі ұйымын құру жөніндегі біздің ұсынысымызды қолдайды. Келіссөздер барысында біз мұсылман елдерінің бірлігін сақтау тақырыбын да қозғадық. Ислам әлеміндегі татуластық мәселесі үлкен мәнге ие. Мен Сенегал тарапын 2018 жылы өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің алтыншы съезіне қатысуға шақырдым, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы келіссөздер барысында сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелеріне айрықша көңіл бөлінгенін айтты.

Біздің өзара іс-қимылымыздың осы тұсы географиялық қашықтыққа, көлік логистикасының жолға қойылмауына байланысты қазіргі кезде жоғары деңгейде емес. Бұл ретте энергетика, ауыл шаруашылығы және ислам банкингі салалары әлеуетті ынтымақтастық бағыттары ретінде айқындалды. Сенегал жағы «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысады деп үміттенеміз. Біз өзара іс-қимылды мәдениет, білім және спорт салаларында да кеңейтуге уағдаластық. Қазақстан футбол клубтарында сенегалдық спортшылар сәтті өнер көрсетіп жүргені де мәлім, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев миллиардтан астам адам өмір сүріп жатқан Африка құрлығында айтарлықтай табиғи ресурстар шоғырланғанына назар аударды.

Бұл құрлық қарқынды дамитын болады, XXI ғасырда оның болашағы зор болады деп ойлаймын. Қазақстан мүмкіндігінше уақтылы жол салып, африкалық елдермен ынтымақтастық аясын кеңейтуі керек. Осы орайлы сәтті пайдалана отырып, Сенегал Президентін және достас сенегал халқын  алда келе жатқан Африка күнімен құттықтаймын. Сенегалдың және құрлықтың барлық елдерінің бұдан әрі өсіп-өркендеп, игілікке жетуіне тілектеспін, – деді Мемлекет басшысы.

Соңында Қазақстан Президенті Сенегал Президентіне мазмұнды, ілтипатты және жемісті диалог үшін ризашылық білдіріп, қол жеткізілген уағдаластықтар барлық бағыттағы екіжақты өзара ықпалдастықты тереңдете түсуге септігін тигізетініне сенімді екенін жеткізді.

М.Салл біздің елдің жаңғырту жұмыстарын жүргізуге жұмсап отырған күш-жігерін Сенегал тарапы жоғары бағалайтынын айтты.

Астана келбетінен Қазақстанның даму саясаты айшықты көрініс тапқан. Әлемді ілгерілету және өзіңіз ұсынған бастамаларды жүзеге асыру аясында сіздің еліңіздің өңірдегі және одан тысқары жерлердегі рөліне тәнті екенімді жеткізгім келеді. Сондай-ақ біз конфессияаралық диалог орнату, халықаралық терроризм мен экстремизмге қарсы әрекет ету жөніндегі Сіздің бастамаңызды  толық қолдаймыз, – деді Сенегал Президенті.

Сенегал тау-кен өнеркәсібін, жоғары технологиялық салалар мен ауыл шаруашылығын дамыту ісіндегі Қазақстанның тәжірибесін қолдану ниетінде екені атап өтілді. 

М.Салл біздің елді «ЭКСПО-2017» көрмесін өткізу құқығын жеңіп алуымен құттықтап, Сенегалдың оған қатысатынын айтты.

Сенегал президенті екі республиканың халықаралық сипаттағы мәселелерге қатысты көзқарасы ұқсастығына назар аударды. Бұдан бөлек, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне 2016-2017 жылдардағы тұрақты емес мүше ретінде Сенегалдың кандидатурасын Қазақстанның қолдағаны атап өтілді.

Соңында М.Салл Нұрсұлтан Назарбаевты ынтымақтастықты бұдан әрі нығайта түсу үшін Сенегалға сапармен келуге шақырды. 


Барлық жаңалықтар
 
Другие события рубрики Акорда
Все события рубрики Акорда