Жаңалықтар

11 сәуір 2018
Қазақстан Президенті елшілерден сенім грамоталарын қабылдады

Рәсім барысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа Ресей Федерациясының Төтенше және өкілетті елшісі, Өзбекстан Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі, Түрікменстанның Төтенше және өкілетті елшісі және Италия Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі сенім грамотасын тапсырды.

Мемлекет басшысы рәсімге қатысушыларды Қазақстандағы дипломатиялық миссияларының басталуымен құттықтап, олардың қызметтері мемлекетаралық қарым-қатынастарды дамытуға тың серпін беретініне сенім білдірді.

– Сіздердің дипломатиялық қызметтеріңіз еліміз үшін мазмұнды әрі маңызды оқиғаларға толы кезеңде басталғалы тұр. Қазақстан ширек ғасыр ішінде демократиялық жүйесі орныққан, азаматтық қоғамы кемелденген, экономикасы дамыған мемлекетке айналды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті елімізде халықаралық байланыстарды нығайтуға бағытталған көпжақты сыртқы саясат жалғаса беретінін атап өтті.

– Біз бейбітшілік пен қауіпсіздікті халықаралық құқық негізінде нығайтуды көздейтін іс-әрекеттерді қолдаймыз. Бұған Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде атқарып келе жатқан қызметі дәлел, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің бітімгершілік жұмыстарға белсенді атсалысып отырғанына назар аударып, Сириядағы қақтығыстарды реттеу ісінде Астана процесінің айрықша рөл атқаратынын айтты.

Сонымен қатар, Қазақстан Президенті Еуразиялық экономикалық одақ, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, ТМД және Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы сияқты халықаралық ұйымдар аясында бірлесе іс-қимыл жүргізудің маңыздылығын атап өтті.

Мемлекет басшысы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму нәтижелеріне тоқталып, Қазақстанда инвестиция тарту үшін қалыптасқан мүмкіндіктер жөнінде айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев «Жасыл» технологияларды дамыту жөніндегі халықаралық орталықтың, ІТ-стартаптар технопаркінің, «Астана» халықаралық қаржы орталығының жұмысы туралы айтып, дипломаттарды осы бағытта белсенді түрде ынтымақтасуға шақырды.

– Өзара тиімді сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту үшін Қазақстандағы зор мүмкіндіктерді кеңінен пайдалану қажет. Биыл біздің елімізде бірқатар маңызды халықаралық іс-шаралар жоспарланып отыр. Атап айтқанда, Астана экономикалық форумы, Әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының VI съезі және Дүниежүзілік Ислам экономикалық форумы өтеді. Осы басқосуларға сіздердің елдеріңіз белсене қатысады деп ойлаймын, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Ресей Федерациясы арасында қалыптасқан мемлекетаралық қарым-қатынастың жоғары деңгейде екенін айтып, ынтымақтастықты одан әрі нығайта түсу бағыты екі ел халқы тарапынан кең қолдау тауып отырғанын атап өтті.

– Мен Ресей Президенті Владимир Владимирович Путинмен достыққа негізделген жеке қарым-қатынасымызды жоғары бағалаймын. Халықтарымыздың игілігі жолында Қазақстан екіжақты форматта да, халықаралық күн тәртібі аясында да Ресеймен байланысты кеңейте түсуге ниетті, – деді Қазақстан Президенті.

Рәсім барысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевтің Қазақстан-Өзбекстан қарым-қатынасын одан әрі нығайтуға зор үлес қосқанын атап өтті.

– Бізді Өзбекстан Республикасымен көпғасырлық достық қатынастар, мәдениетіміз бен салт-дәстүріміздің ортақтығы тығыз байланыстырып отыр. Қазақстандағы Өзбекстан жылының басталуы және келесі жылы бауырлас Өзбекстандағы Қазақстан жылының атап өтілуі жаңа кезеңге жол ашып, ынтымақтастығымыздың барлық саласына тың серпін беретін болады, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Қазақстанның Түрікменстанмен көпжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ниетті екенін айтты.

– Бүгінде Орталық Азиядағы бауырлас мемлекеттер – Қазақстан мен Түрікменстанды тату көршілік қатынастар байланыстырады. Елдеріміз арасында сенімді әрі сындарлы диалог орнап, барлық басты бағыттар бойынша өзара түсіністіктің жоғары деңгейіне қол жеткізілді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті Италия Республикасымен сауда-экономикалық байланыстардың дамып келе жатқанына ерекше тоқталды.

– Италия Қазақстанның сауда саласындағы әріптестерінің үздік үштігіне кіреді және бұл көрсеткіш бойынша Еуроодақ елдері арасында бірінші орын алып отыр. Сондай-ақ, Италия – еліміздің экономикасына қаржы құйып отырған ірі инвесторлардың бірі. Қазақстан Италиямен жан-жақты ынтымақтастықты, соның ішінде инновациялар мен озық технологиялар саласындағы байланыстарды одан әрі дамытуға ниетті, – деді Мемлекет басшысы.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев дипломаттарды тағы да құттықтап, екіжақты қарым-қатынастарды нығайту жолындағы қызметтеріне табыс тіледі.


Барлық жаңалықтар
 
Өзге де кездесулер мен қабылдаулар
Барлық кездесулер мен қабылдаулар