National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Ақорда

Мемлекет басшысы Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповті қабылдады

2014 жылғы 07 сәуір

 

А.Сәрінжіпов министрліктің қызметі және Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндады.

Нұрсұлтан Назарбаев биыл білім және ғылым саласын дамытуға 1,5 триллион теңге бөлінгенін атап өтті. Алайда мектепте орын жетіспеушілігі, үш ауысымда оқыту сақталып отыр, апатты жағдайдағы мектептер әлі де бар. Осыған байланысты құрылысқа, соның ішінде бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында салынатын нысандарға бөлінетін қаражаттың тиімді пайдаланылуын қадағалау қажет.

– Шығыс Қазақстан облысында апатты жағдайдағы 52 мектеп бар, сөйте тұра 2013 жылы бюджеттік емес қаржы көздері есебінен 1,5 миллиард теңгеге өңірде Бокс және күрес сарайы салынған. Оңтүстік Қазақстан облысында  апатты жағдайдағы 48 мектеп бар, бірақ бюджеттік емес қаржы көздері мен жергілікті бюджет есебінен 2012-2013 жылдары 500 миллион теңге Салтанат залына бөліпті. Қызылорда облысында  апатты жағдайдағы 25 мектеп бар, бірақ өткен жылы Мұзайдын құрылысына 1,3 миллиард теңге жұмсалған. Бұл нысандардың барлығы да халыққа қажет, бірақ алдымен апатты жағдайдағы мектептерді қалпына келтіріп, үш ауысымда оқытуды жою сияқты ең қажеттілерін анықтап алған жөн, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті университеттердің автономды болу қағидаттарын айқын түсіну қажеттігін де атап өтті.

– Автономды болу оқу бағдарламаларына, біліктілікті арттыру мәселелеріне, білім сапасына, тәжірибелі оқытушы-профессорлық құрамды тартуға қатысты. Алайда кейбіреулер автономдылықты жоғары оқу орнының дербестігі, ректорларының өзгермейтіндігі, одан әрі жекешеленуі деп түсінуде. Сондықтан жоғары оқу орындарының автономды болуының мақсаты, міндеттері және шарттарына қатысты нақты бағдарды айқындап берген жөн, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев білім дамудың, соның ішінде инновациялық дамудың басты мәселесіне айналып отырғанына тоқталды.

– Жастардың мектепте оқуының, техникалық-өндірістік және жоғары білім алуының маңызы зор. Компаниялар мемлекеттің көмегімен жастарды даярлау мәселесін өз мойнына алуы үшін дуальдық оқыту жүйесін дамытқан жөн. Ол үшін Еуропа елдерінің тәжірибесін тағы да мұқият зерттеу қажет, – деді Қазақстан Президенті.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы ғылым саласына, әсіресе, көбіне шешімдерінде шынайылық бола бермейтін ғылыми кеңестер жұмысын жетілдіруге ерекше назар аударуды тапсырды.

Бұған қоса, Мемлекет басшысы мектепке дейінгі білім берумен қамту, сондай-ақ университеттердегі білім беру сапасын арттыру және мемлекеттік білім гранттарын тиімді бөлу жұмыстарын жалғастыру туралы тапсырма берді.

Білім және ғылым министрі Мемлекет басшысы айтқан мәселелерді шешуге бағытталған жұмыстар туралы хабардар етті.

А.Сәрінжіпов «Балапан» бағдарламасы аясында үш жыл ішінде балалардың мектепке дейінгі біліммен 80% қамтылғанын атап өтті. Сондай-ақ, үш жыл ішінде барлық өңірлерде үш ауысымдық және апатты жағдайдағы мектептер мәселесін шешу жоспарланып отыр. Тұрғындар саны көп екі облыста, Оңтүстік Қазақстан және Алматы облыстарында бұл мәселе 2017 жылға қарай шешімін табатын болады.

Кездесу қорытындысында Мемлекет басшысы бірқатар нақты тапсырмалар берді.      


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің