Жаңалықтар

26 мамыр 2016
Мемлекет басшысы IX Астана экономикалық форумына қатысты
Астана қаласы, «Қазақстан» орталық концерт залы

 

Жалпы отырыс барысында Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында «Жаңа экономикалық жағдай: әртараптандыру, инновация және білім экономикасы» тақырыбымен өткен биылғы форумының қорытындысы шығарылды.

Отырысқа сарапшылық қоғамдастықтың танымал өкілдері, саясаткерлер, бизнесмендер, ірі қаржы құрылымдарының басшылары қатысып, сөз сөйледі. Олардың қатарында Дүниежүзілік сауда ұйымының бас директоры Р.Азеведо, Еуропа қайта құру және даму банкінің президенті С.Чакрабарти, интернет коммерциясы саласындағы AliBaba Group қытай компаниясының негізін қалаушы Д.Ма, Колумбия университеті Жер институтының директоры және британдық The Economist журналының тұжырымы бойынша ең ықпалды әлемдік үш экономистің бірі Д.Сакс, Массачусетс технология институтының экономика профессоры, Джон Бейтс Кларк медалінің 2005 жылғы иегері Д.Аджемоглу бар. Отырыс барысында сондай-ақ Халықаралық валюта қорының басқарушы директоры К.Лагардтың арнаулы бейне-үндеуі көрсетілді.  

Қазақстан Президенті отырыста сөйлеген сөзінде «инклюзивті жаһандану» жолын таңдау қажеттігіне, онда экономикалық өсім әрбір елдің дамуы мен халқының әл-ауқатын арттыруға тиімді трансформацияланатынына назар аударды.

– Әлемдік экономиканың осындай өсімі ғана орнықты болады, біз соған ұмтылуға тиіспіз. Бұл жаһандық деңгейде бірлескен күш-жігер жұмылдыруды және ұлттық экономика деңгейіндегі іс-қимылдарды үйлестіруді қажет ететін ұзақ, күрделі әрі ауыр трансформация жолы, – деді Мемлекет басшысы.

Осыған байланысты Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар жаһандық бастамалар көтерді.

Атап айтқанда, Мемлекет басшысы дамушы және кедей елдердегі адами капиталды дамытудың маңыздылығын атап өтті.

– Сауатты, білімді, денсаулығы мықты және іскер адамдарсыз ешбір мемлекет дами алмайды. Біз білім беру мен денсаулық сақтаудың тиімді жүйесін құру қаншалықты қиын екенін өз тәжірибемізден білеміз. Бұл төзімді, білім мен мол инвестицияны қажет етеді. Қазақстан бұл бағытта жақсы ілгеріледі деп есептеймін. Алайда, бұған қол жеткізе алмаған көптеген елдер бар. Осы мәселені шешу үшін БҰҰ аясында Адами капиталды дамыту қорын құруды ұсынамын. Оның басты міндеті кедей елдердегі білім беру мен денсаулық сақтау сапасын жақсарту болуы тиіс, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті экономикалық өсімді қайта жандандыру үшін барлық қажетті жағдайды жасау керектігін, ол үшін кірісті алыпсатарлық сипаттағы қаржы салаларына аудармай, білім беруге, денсаулық сақтауға және инфрақұрылымдарға қайта инвестициялауды білдіретінін айтты.

– Бүгінде сарапшылардың бағалауы бойынша оффшорлық есепшоттарда 30-дан 40 триллион долларға дейін сақтаулы жатыр. Осы активтерге тіпті бір пайыздық жаһандық салық енгізу дамушы елдердегі білім беру мен денсаулық сақтау саласын жаңа сапалы деңгейге көтеруге мүмкіндік берер еді. Осы салықтан түсетін қаражатты жоғарыда аталған Адами капиталды дамыту қорына бағыттауға болады. Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банк жаһандық экономиканы оффшорсыздандыру жөнінде тиімді шаралар ұсынуға тиіс деп есептеймін, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев қазіргі кезде экономикалық пайда табу үшін жанталасу барысында қоршаған ортаның кешенді мәселелері назардан тыс қалып жатқанын атап өтті.

– Климат өзгерістерінің алдын алу жөніндегі жаһандық бастама өте маңызды, бірақ өзге проблемаларды да ұмытпау керек. Париж келісімі негізінде «Жасыл» экономиканы дамыту мен табиғи ресурстарды ұтымды пайдаланудың жол картасын әзірлеуді ұсынамын. Ол тек зиянды қалдықтарды ауаға таратуды азайтуды ғана емес, жерді, тұщы суды, биоортаны сақтау шараларын да қамтуға тиіс. Бұл ретте жауапкершілікті тек елдер ғана емес, жаһандық корпорациялар да өз мойнына алуы қажет, – деді Қазақстан Президенті.

Соңында Мемлекет басшысы әлемде қазір халықаралық диалогтың сан алуан форматы бар екеніне, жаһандық және өңірлік экономикалық форумдар өткізіліп жүргеніне назар аударды.

– Әзірленіп жатқан шешімдерді нақты енгізу ісінің келісілуі мен үйлестірілуін қамтамасыз ету маңызды. Бұл ретте барлық елдің пікірін ескеру керек. БҰҰ құрылымы аясында немесе оның қолдауымен сондай үйлестіру ісін қамтамасыз ететін арнаулы комитет құру қажеттігі пісіп-жетілді. Қазақстанда қолданылып отырған, 140 елдегі 30 мыңнан астам сарапшының басын қосатын «G-global»  виртуальды интерактивті алаңын белсенді түрде пайдалануды ұсынамын, – деді  Нұрсұлтан Назарбаев.

 

Мемлекет басшысының сөйлеген сөзінің толық нұсқасын мына жерден қараңыз.


Барлық жаңалықтар
 
Другие события рубрики Акорда
Все события рубрики Акорда