Жаңалықтар

15 маусым 2018
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Ораза айт мерекесімен құттықтауы

Құрметті отандастар!

 

Баршаңызды күллі әлем мұсылмандары үшін айрықша қастерлі мейрам – Ораза айт мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Қасиетті Рамазан айы – рухани жаңарудың символы. Бұл кезде адамдар мейірімділік, ізгілік, татулық пен келісім сияқты бірегей құндылықтарға бет бұрып, әркім өзінің әрекеті мен  өзгелерге қарым-қатынасын қайта бір саралайды. 

Рухани жаңарып, жаңғыруға талпыну бәріміз үшін маңызды және ол қазіргі қазақстандық қоғам алдындағы міндеттерге неғұрлым сай келеді. Біз ерте заманнан озық ғылым мен білімді дамытуға жол ашып, адамдарды өздерін жетілдіруге және үндестікте өмір сүруге бастап келе жатқан қасиетті исламның жасампаз рөлін кәдеге жарата білуіміз керек.   

Осы мереке күндері әрбір мұсылман жақсы істер жасауға, жақындарына қуаныш сыйлап, мұқтаж жандарға көмектесуге тырысады.

Осындай ізгі ниеттер мен игілікті істер еліміздің бірлігі мен тұтастығын сақтауға зор септігін тигізетін біздің ұлттық бірегейлігімізге негіз болуда.   

Шуақты Ораза айт мерекесінде баршаңызға зор денсаулық, амандық және бақ-береке тілеймін!


Барлық жаңалықтар
 
Өзге оқиғалар
Барлық оқиғалар