Жаңалықтар

1 шілде 2018
Елбасы «Жетісу» саябағын аралап көрді
Астана қаласы

Мемлекет басшысы қаладағы жаңа нысандармен танысу барысында елорданың 20 жылдығына орай Алматы облысы қайта жөндеуден өткізген «Жетісу» саябағына барды.

Облыс әкімі А.Баталов Нұрсұлтан Назарбаевқа саябақта Алматы облысының көрнекті орындарының бәрі көрініс тапқанын айтты. Оның кіре берісінде Жетісуді бейнелейтін жеті арка, субұрқақтары бар басты аллея орналасқан, сондай-ақ тау сілемдерінің көрінісі және киіз үйге ұқсас орын-жайлары бар «Апорт» алаңы, түрлі жастағы балаларға арналған «Тенгри» алаңы, шаған аллеясы, «Тамғалы тас» петроглифтері бейнеленген тастар және Шарын шатқалының үлгісі бар.

Қазақстан Президенті мен көрермендер үшін сахнада Алматы облысының танымал әртістері және этномәдени орталықтарының өкілдері өнер көрсетті.

Шараға қатысушылар алдында сөз сөйлеген Нұрсұлтан Назарбаев Алматы облысы Астананың мерейтойына керемет саябақ тарту еткенін және оның елорда тұрғындарының сүйікті демалыс орнына айналатынын атап өтті.

– Бүгінде барлық облыстар көмек көрсетіп, қолдау білдіріп жатыр. Өйткені, Астана – бүкіл Қазақстанның жетістігі. Бас қала құрылысына өңірлердің бәрі атсалысты және қазір мұнда еліміздің әр түкпірінен келген адамдар өмір сүреді. Біз ХХІ ғасырда ғаламат дүниені бірге жасадық. Адамзат тарихында мұндай қалалар ешқашан 20 жылдың ішінде салынбаған. Ал, біз салдық! – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев сөзінің соңында облыс басшылығы мен құрылысшыларға ризашылық білдірді және шараға қатысушылардың бәрін алдағы елорда күнімен құттықтап, бақ-береке тіледі.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев қаланың Алматы ауданында орналасқан «Жерұйық» саябағын аралап көрді. Онда Елбасыға 19 жыл бұрын өзі отырғызған алғашқы ағаш көрсетілді.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа нысандарда болу
Өзге іс-шараларға қатысу