Жаңалықтар

12 қазан 2012
Бүгін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Түркия Республикасына ресми сапары аясында Түркі Кеңесінің туын көтеру рәсіміне қатысты

Мемлекет басшысы өз сөзінде Түркі Кеңесі мақсаты бір, міндеті орайлас түркі тілдес мемлекеттердің ортақ ұйымы екенін атап өтті.

Мемлекет басшысы өз сөзінде Түркі Кеңесі мақсаты бір, міндеті орайлас түркі тілдес мемлекеттердің ортақ ұйымы екенін атап өтті. Берекесі мен бірлігі жарасқан бауырлас елдер ынтымақтастықтың 20 жылы ішінде биік белестерден өтті. Түркі Кеңесінің құрылуы тілегі бір, тілі ұқсас түркі тілдес мемлекеттерді жақындастыруға жол ашты. Кеңес тығыз ынтымақтастыққа бағытталған бірлескен іс-қимылдың нақты нәтижесі болып саналады. Ұйымның Хатшылығының Ыстамбұлда орналасуының ерекше мәні бар. Әлемдегі озық өркениеттерді  тоғыстырған бұл қала Түркі Кеңесінің қалыптасуы мен дамуында құтты мекенге айналды.

Қазақстан Президенті Түркі дүниесі 40-тан астам ұлт пен ұлыстың басын біріктіретінін атап көрсетті. Жалпы саны 200 миллионға жуық түркілер әлемдік мәдениетке айрықша үлес қосты. 2010 жылы Түркия Президенті Абдулла Гүлдің Астанаға сапары аясында Түркі академиясы құрылды. Бұл ғылым ордасы түркі тілдес елдердің ортақ тарихы мен мәдениетін зерттеу жөнінде маңызды жұмыстарды жүргізуде. Қазақстан оның нәтижелі жұмыс жүргізуіне жан-жақты қолдау көрсетіп отыр.

Түркі Кеңесі Нахчыван Келісіміне сәйкес 2009 жылы 3 қазанда халықаралық ұйым ретінде құрылды. Ыстамбұл қаласында орналасқан ұйымның Хатшылығы 2010 жылдың 16 қыркүйегінен бастап жұмыс істеп келеді.

Түркі Кеңесінің туы 2012 жылдың тамыз айында Бішкек қаласында Түркі Кеңесінің екінші саммитінде қабылданды.


Барлық жаңалықтар
 
Өзге де шетелдерге сапарлар
Барлық шетелдерге сапарлар