Жаңалықтар

22 қазан 2012
Бүгін Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Австрия Республикасы Федералды президенті Хайнц Фишер келіссөздер қорытындысы бойынша бұқаралық ақпарат құралдары үшін бірлескен брифинг өткізді

Өз сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев Хайнц Фишерге Австрияға келіп қайтуға шақырғаны үшін алғысын айта отырып, бұл сапар елдер арасындағы серіктестіктің одан әрі дамуының маңызды белесі болатынын атап өтті.

Өз сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев Хайнц Фишерге Австрияға келіп қайтуға шақырғаны үшін алғысын айта отырып, бұл сапар елдер арасындағы серіктестіктің одан әрі дамуының маңызды белесі болатынын атап өтті.

- Австрия  сауда және инвестициялар жөнінен төртінші орын ала отырып,  Қазақстанның Еуропадағы аса ірі серіктесі саналады. Сондай-ақ, Қазақстан да Австрия үшін кешегі посткеңестік кеңістіктегі ірі әріптес болып саналады. Атап айтқанда, мұнайдың 37 пайызы Австрия Республикасына біздің елден импортталады. Қазақстанда 100-ге жуық бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Тауар айналымы өткен жылы 50 пайызға артып, 4 миллиард АҚШ долларына жетті. Қазіргі уақытта біздің еліміз ауқымды экономикалық реформаларды  жүзеге асыруда. Осылайша, біз индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын іске асырып жатырмыз, оған 70 миллиард доллар бөлінуде. Қазірдің өзінде 15 миллиард долларға біз түрлі жеңілдіктер жасалған 400 кәсіпорын салдық. Жер беріледі, инфрақұрылым жүргізіледі, қаржыландыруға мемлекет қатысады. Біз австриялық компанияларды өзімізбен ынтымақтасуға шақырамыз, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті еліміз үшін Австрияның шағын және орта бизнестегі де, «жасыл» экономикадағы да тәжірибесінің аса маңызды екеніне тоқталды. Осыған орай Қазақстанның «ЭКСПО-2017» көрмесін өткізуге берген тапсырысының  тақырыбы болашақтың энергиясымен тығыз байланысты екені айтылды.

- Ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықтың жақсы келешегі бар. Біз қазір Австриядан асыл тұқымды мүйізді ірі қара сатып алып жатырмыз, сонымен қатар, біз ауылшаруашылық өндірісін қайта өңдеу саласындағы әріптестікті дамытқымыз келеді. Қазақстан – ірі аграрлық ел. Біздің ең сапалы азық-түліктік бидайымыздың экспорты жылына 10-12 миллион тоннаны құрайды. Бүгін халықаралық автомобильдік тасымалдар туралы келісімге қол қойылды. Қазақстан-Австрия Іскерлік кеңесі құрылуда. Бұл да біздің болашақ ынтымақтастығымыз үшін өте маңызды. Елдеріміз арасындағы ынтымақтастықтың айрықша саласы денсаулық сақтау болып саналады. Әлемдегі ең озық медицинаның бірі, ең білікті мамандардың Австрияда екені баршаға белгілі. Денсаулық сақтау саласын дамыту бағытында бүгін жүйелі жұмыс жасай отырып, біз қазір сіздердің тәжірибелеріңізді мұқият зерттеудеміз. Австриялық «VAMED» компаниясының арқасында біздегі Ана мен бала орталығы халықаралық сапа куәлігін алды. Сонымен қатар, елдеріміз арасында туризмді дамыту қажет. Біз Хайнц Фишер екеуміз Қазақстанның мәдениетінің жылын Австрияда және Австрия мәдениетінің жылын Қазақстанда өткізуге келістік. Біз 1993 жылдан бері жыл сайын үш мың жасты әлемнің ең озық 25 университетіне жіберіп келеміз. Олардың сегіз мыңы оралды, еліміздің экономикасында еңбек етуде. Көптеген жастар австриялық жоғары оқу орындарында оқиды. Біз бұл дәстүрді жалғастырғымыз келеді. Қазақстан – көпұлтты және көпконфессиялы ел. 130 ұлт пен халық өкілдері татулық пен түсіністікте өмір сүруде. Сондықтан біздің республикамызда Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының төрт бірдей съезі өтуі кездейсоқтық емес. Өз кезегінде Астана Өркениеттер альянсының мүшесі саналады. Біз өркениеттер қақтығысы емес, түрлі мәдениеттер арасындағы түсіністікке жол табу үшін бұл екі форумды біріктіре алар едік, - деді  Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның Еуропалық Одақпен сауда көлемі 50 миллиард АҚШ долларын құрайтынын атап өтті. Мемлекет басшысы Австрияның Қазақстанға Еуроодақпен тереңдетілген ынтымақтастықтың жаңа бағдарламасын құруда қолдау көрсете алатынына тоқталды.   

- Қазақстан - нарықтық экономикасы және еркін қоғамы бар ел. Сондықтан әлемдік қаржы сілкіністері біздің республикамызға әсерін тигізеді. Бұл дағдарыс 2007 жылы басталды және әлі де еңсерілген жоқ. Бірақ біз рецессияға жол бермедік. Ел үшін ең ауыр болған 2008 жылы резервтеріміз бен дағдарысқа қарсы күрестің жақсы бағдарламасы есебінен ішкі жалпы өнім өсімі 2,5 процентті құрады. Бұл бағдарлама өзге мемлекеттер үшін үлгі бола алады. Мұнай мен газдан түскен барлық қаражат арнаулы Ұлттық қорға жинақталады. Қор мөлшері мен алтын-валюта резерві 90 миллиард долларға жетті. Біз зейнетақыны да, жалақыны да, әлеуметтік төлемдерді де төмендетпедік. Мемлекет жекеменшік банктерге 10 миллиард АҚШ доллары мөлшерінде несие бөлді. Қазақстанда өндіріс тоқтаған жоқ, жаңа жұмыс орындары ашылды. Бүгінде біз әлемнің бәсекеге қабілетті 50 елінің қатарына кіру ниетіндеміз. Оған қоса, Қазақстан посткеңестік елдер арасынан бірінші болып 2010 жылы ЕҚЫҰ саммитін өткізді. Біз Австрияға бұл мәселеде біздің кандидатурамызды қолдағаны үшін ризамыз, - деп атап өтті Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев сапар қорытындылары елдеріміз арасындағы қарым-қатынастар қарқынды даму үстінде және екі мемлекеттің халқының игілігі үшін өзара ынтымақтастықты тереңдетуге мүмкіндіктер бар деп айтуға негіз бола алатынын айтты.

Өз кезегінде Хайнц Фишер Қазақстан мен Австрияның екіжақты қарым-қатынастарда үлкен табыстарға жеткенін атап өтті.

- Біз болашақ серіктестіктің перспективалары туралы әңгімелестік. Австрия мен Қазақстан арасындағы экономикалық байланыстар жоғары қарқынмен дамып келеді. Айрықша тұс – энергетика саласындағы ынтымақтастық. Сонымен қатар, біз Қазақстан мен Австрия арасындағы әуе қатынасы санын арттыру ниетіндеміз. Біз бір-бірімізді түрлі халықаралық комитеттерге сайлануда қолдайтын боламыз.

Соның ішінде, Австрия ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра комитетіндегі Қазақстанның кандидатурасын қолдайтын болады, - деді Федералды президент.

Хайнц Фишер «ЕХРО-2017» өткізудегі Қазақстанның кандидатурасына Австрияның оң көзқараста екенін атап өтті және БҰҰ Балалар құқығы комитетіне австриялық кандидатқа қолдау көрсеткені үшін Қазақстанға алғысын білдірді. 

- Екі жыл бұрын мен Қазақстанда болдым және ол сапардан менің көкейімде керемет естеліктер қалды. Қазақстан экономикасының жылына орташа 7 процент болатын таңғаларлықтай дамуы және дамыған австриялық экономика әріптестік пен өзара сенімге құрылған ынтымақтастық үшін жақсы фактор болып саналады. Бүгін қол қойылған халықаралық автомобиль жүк тасымалы туралы келісім тауар айналымын жандандыруға, сонымен қатар, туризм саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік береді, - деді Австрия Республикасының Федеральды президенті.

Мемлекеттер басшылары келіссөздерінің қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Австрия Республикасы Үкіметі арасында Халықаралық автомобильдік жүктер тасымалы туралы келісімге қол қойылды. 

 


Барлық жаңалықтар
 
Өзге де шетелдерге сапарлар
Барлық шетелдерге сапарлар