Бөлімдер санаты

Жаңалықтар

14 маусым 2019
Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмонмен кездесті
Тәжікстан Республикасы, Душанбе қаласы

Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтан мен Душанбе арасындағы байырғы достық қатынастар мен ынтымақтастықты атап өтіп, Қазақстанның сайланған Президенті ретіндегі алғашқы шетелдік сапарының символдық мәні бар екенін айтты.

– Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің саммитіне келер болсақ, Сіз осы форумның басында тұрдыңыз және оның бастамашыларының бірі болдыңыз. Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 1992 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының мінберінен осындай ұсыныс жасаған болатын. Сол бастама қолдау тауып, содан бері бұл үдеріс табысты дамып келеді. Сіздің осы ұйымның дамуына зор үлес қосқаныңызды тағы да атап өткім келеді. Ал, қазір, іс жүзінде осы жиынды басқарып отырсыз, – деді Мемлекет басшысы. 

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Тәжікстанның көпқырлы құрылымдар мен халықаралық ұйымдарда бір-біріне қолдау көрсетіп келе жатқанын айтып, осы ықпалдастықты жалғастыра беруге ниетті екенін жеткізді.

Тәжікстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа ілтипат білдіріп, Қазақстан Республикасының Президенті болып сайланғаннан кейінгі бірінші жұмыс сапары екенін атап өтті.

– Ең алдымен, Сізді Қазақстан Республикасының Президенті болып сайлануыңызбен құттықтаймын. Жоспарларыңыз бен бастамаларыңыздың табысты жүзеге асуына тілектеспін. Сайлау қорытындысы халқыңыздың Қазақстанның ішкі және сыртқы саяси бағдарын жүзеге асыру ісіндегі сабақтастықты қолдайтынын тағы да дәлелдеді, – деді Эмомали Рахмон.

Тәжікстан көшбасшысы Қазақстанмен ынтымақтастықтың өз мемлекетінің сыртқы саясатында маңызды орынға ие екенін атап өтті. Оның пайымдауынша, бірлескен күш-жігердің арқасында екі ел арасындағы стратегиялық әріптестік болашақта да жемісті дами береді.

Келіссөздер соңында тараптар Душанбе саммитінің қатысушы елдер үшін Кеңес саммитінің аралық жұмысының қорытындысын шығаруға, аймақтағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері жөнінде пікір алмасуға және болашақтағы бағыттары мен басымдықтарын айқындауға мүмкіндік беретінін атап өтті. 

Ресми кездесуден кейін Эмомали Рахмон Қасым-Жомарт Тоқаевқа өзінің резиденциясы – Ұлт сарайын таныстырды.

 


Барлық жаңалықтар
 
Өзге де шетелдерге сапарлар
Барлық шетелдерге сапарлар