National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Халықаралық қоғамдастық

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей Президенті Владимир Путин Қазақстан мен Ресей өңіраралық ынтымақтастығы X форумының пленарлық сессиясына қатысты

2013 жылғы 11 қараша

 

Өз сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев форум өзі өмірге келген он жыл ішінде екіжақты өзара ықпалдастықтың тиімді алаңына айналғанын атап өтті.

– Екатеринбургтегі бұл форумның ерекше маңызы бар. Бүгін біз  елдеріміз арасындағы ХІХ ғасырдағы тату көршілестік пен ынтымақтастық туралы шартқа қол қоюды жоспарлап отырмыз. Ол Қазақстан мен Ресейдің үшінші мыңжылдықтағы өзара тиімді серіктестігінің сенімді негізіне айналады деп сенемін, – деп мәлімдеді Мемлекет басшысы.   

Қазақстан Президенті ынтымақтастықты дамытудың аса маңызды бағыттарының бірі өнеркәсіп кооперациясы екенін атап өтті. Екі елдің мемлекетаралық кооперация бизнесінің табысты үлгілері ретінде машина жасау, тау-кен металлургия кешені, уран және химия өнеркәсібі тәрізді салалардағы өзара ықпалдастық аталды.

– Қостанай облысы Ресейдің металлургиялық кәсіпорындарына құйма, Павлодар облысы алюминий шикізатын жеткізеді. Ресейдің «Евраз Холдинг» компаниясы Қостанайда прокат зауытын салуды аяқтап қалды. Өнім жиынтығының 30 пайызы ресейлік болып келетін дизельдік қозғалтқыштар кәсіпорынының құрылысы басталды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы қазіргі уақытта Қазақстан аумағында жалпы құны 6 миллиард АҚШ доллларына жуықтайтын қазақстандық-ресейлік 50-ден астам ірі жоба іске асырылуда екенін және жүзеге асыру жоспарланып отырғанын айтты. Бұл ретте екі мемлекет үшін қосымша құны жоғары бәсекеге қабілетті өнімдер өндірісі спектрін ұлғайтудың зор маңызы бар. Кооперацияны дамыту тек қана өнеркәсіп саласынан тыс жүзеге асады.

– Электр энергетикасында, ауыл шаруашылығында, елдеріміздің көлік саласы әлеуетін дамытуда серіктестік кооперациясының орасан зор әлеуеті бар. Ғылым саласындағы ынтымақтастық мүлде жаңа мүмкіншіктерге жол ашады, – деді Қазақстан Президенті.  

Жаңа технологияны дамытуда екі елдің күш-жігерін біріктіруге шақыра отырып, Нұрсұлтан Назарбаев бұл саладағы серіктестік аясын тереңдетуге 2017 жылы Астанада өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі жаңа серпін беретініне тоқталды. Жалпы кооперацияны кеңейтудің жаңа тетіктерін әзірлеп, қолданыстағы тетіктерін жетілдіру қажет.

– Мен бұл міндеттердің шешілуін, біріншіден, біздің серіктесік келісімдеріміздің іске асырылуынан көремін. Біздің мемлекетаралық шешімдерімізден кәсіпкер нақты экономикалық жағдайдың жақсаруын, өз жұмысының жеңілдеуін күтеді. Екінші шарт – кәсіпорындарымыздың әрекетін үйлестіру. Бүгінгі форум тақырыбының жүйелі дамытылуы бұл бағытта пәрменді ынталандыру қызметін атқаруы тиіс, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.                  

Ортақ әлеуетті ұлғайтуда Қазақстан, Ресей және Беларусьті біріктірген Бірыңғай экономикалық кеңістік маңызды рөл атқарды. Енді бизнес елдің тек ішкі ресурстарына ғана емес, Кеден одағына мүше өзге де мемлекеттердегі серіктестерге сүйене алады.

– Кәсіпкерлікке мейлінше қолдау көрсете отырып, біз өндірісті ұтымды орналастыру қағидаттарын басшылыққа алуға тиіспіз. Бұл оны барлық қажетті ресурстармен қамтамасыз ету үшін де, өзіміздегі өткізу нарығына  табысты шығу үшін де маңызды, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Кеден одағы елдерінің экономикасының ең соңғы үлгідегі технологиялық прогресс трендтеріне уақтылы бейімделуі зор маңызға ие екендігін атап өтті. Сонымен бірге олар дәстүрлі базалық саланы да қамтуы тиіс.  

– Біз үшін жаңа саланы дамыта отырып, мұндай өзгерістердің қаржылық көзі қызметін атқаратын ресурстық база жөнінде ұмытпауға тиіспіз. Сондықтан дәстүрлі шикізаттық секторларды жаңғыртуға да назар аудару стратегиялық тұрғыдан маңызды. Осыдан байланысты келесі форум тақырыбын «Көмірсутегі саласындағы инновация» деп белгілеп, оны 2014 жылы Атырауда өткізуді ұсынамын, – деді Қазақстан Президенті.

Өз кезегінде Владимир Путин өңіраралық форумдар өзінің қажет екендігін және тиімділігін көрсеткенін атап өтті.

– Қазіргі уақытта Ресей Федерациясының 93 субъектісінің 76-сының Қазақстанның барлық 14 облысымен, сондай-ақ Астана және Алматы қалаларымен экономикалық байланысы бар. Түрлі салалардағы ынтымақтастық туралы 200-ден астам өңіраралық келісімге қол қойылған. Қазақстан Ресейдің көптеген өңірлері үшін жетекші сауда серіктесінің біріне айналды, олардың арасында Татарстан, Свердловск, Челябі, Орынбор облыстары бар. Бұл субъектілердің әрқайсысының қазақстандық серіктестерімен тауар айналымы миллиард доллардан асады. Бұл Ресей-Қазақстан экономикалық байланыстарын дамытуға зор үлес қосып отыр. Соңғы 10 жыл ішінде екіжақты сауда көлемі төрт есе өсіп, 2003 жылғы 5,8 миллиард доллардан 2012 жылы 22,4 миллиард долларға жетті, – деді Ресей Президенті.        

Бұған қоса, Владимир Путин Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістік аясында кездесіп отырған бөгеттер мен шектеулерді алып тастау елдердің одан арғы тұрақты экономикалық өсімге қол жеткізуіне мүмкіндік беретінін атап өтті.

– Сөз жоқ, бір-біріне нарықтар ашуда интеграциялық жобаларды іске асыру – әрқашан күрделі процесс, әсіресе бастапқы кезеңдерде. Белгілі бір сауда үйлесімсіздігі, артық шығын орын алады. Бұл табиғи нәрсе. Шын мәнінде, барлық интеграциялық бірлестіктерде ондай болады, бірақ интеграцияның ұзақмерзімді, жүйелі артықшылықтарының салмағы әлдеқайда басымырақ. Мысалы, бизнес кедендік рәсімдерді қысқартудың маңызы неде екенін, ұлттық юрисдикция бәсекелестігі қандай пайда әкелетінін қазірдің өзінде жақсы түсініп, бағалап отыр, – деді Ресей Президенті. 

Форум қорытындысыда екіжақты ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған бірқатар құжаттарға қол қою көзделінген.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің