Жаңалықтар

9 мамыр 2015
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен кездесті
Мәскеу қаласы, Ресей Федерациясы

 

Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин екіжақты өзара ықпалдастықтың, соның ішінде сауда-экономика, отын-энергетика, ғарыш салалары мен мәдени-гуманитарлық саладағы  кең ауқымды мәселелерін талқылады.

Қазақстан мен Ресей Президенттері өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі бірқатар өзекті мәселелерді де қарастырды.

Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Қазақстан Президенті болып сайланғаннан кейін шетелге алғашқы ресми сапармен шығып отырғанын айтты. 

– Біз 15 жылдан астам уақыт бойы бірге жұмыс істеп келеміз, осы жылдары Қазақстанның Ресеймен қарым-қатынасы нығайды. Біз Сізбен Одақтастық туралы шартқа қол қойдық, оның аясында көптеген мәселелер жүзеге асырылуда. Біз Еуразиялық экономикалық одақты құрдық. Дағдарыс жағдайында елдеріміздің арасындағы тауар айналымы төмендегеніне қарамастан, ЕАЭО-ның болашағы зор деп есептеймін. Елдеріміздің екіжақты қарым-қатынастары жасалған уағдаластықтарға сай дамып келеді, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті сондай-ақ  В.Путинді Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығымен құттықтады.

Владимир Путин де Нұрсұлтан Назарбаевты сайлаудағы айқын жеңісімен құттықтап, екі ел арасындағы жемісті ынтымақтастықтың жалғасатынына үмітін білдірді.

– Елдегі соңғы жылдардағы өзгерістер, Қазақстан азаматтарының сайлау науқанына қалай қарайтыны, олардың Сіздің атқарған жұмысыңызға қалай баға беретіні – ең құндысы осы. Біздің екіжақты байланыстарымыз бұдан әрі де қарқынды және сайлауға дейінгі жылдардағыдай жемісті болатынына сенімдімін, – деді Ресей Президенті.

Сондай-ақ В.Путин интеграциялық үдерістер саласындағы бастамалары үшін Қазақстан Президентіне алғыс айтты.

– Бүгінде біздердің жасап жатқанымыздың, экономикалық одағымызды тереңдете түсу бағытындағы қосымша қадамдардың дені Сіздің еңбегіңіз. Сіздің Кеден Одағын, ал сосын ЕАЭО-на құру туралы бастама көтеріп, сөйлеген кезіңіз менің өте жақсы есімде. Ең бастысы, Қазақстанның өз дамуымен де, интеграциялық үдерістердің өрістеуімен де байланыстының барлығы жүзеге асуда, – деді Ресей Президенті.


Барлық жаңалықтар
 
Өзге де шетелдерге сапарлар
Барлық шетелдерге сапарлар