Бөлімдер санаты

Жаңалықтар

24 ақпан 2006
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астана қаласының 2005 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен 2006 жылға арналған міндеттері туралы кеңеске қатысты.
131.jpg

- Еліміздің елордасы – Астананы көрген адам қызығып, қуанышқа бөленетіндей болуы керек. Шын мәнінде Астана тек әкімшілік орталық қана емес, бұл біздің мемлекетіміздің экономикалық, саяси және әлеуметтік табыстарының айқын бейнесі, болашақтың қаласы, - деді Президент кеңестің ашылуында.

Кеңесте қала әкімі Өмірзақ Шөкеев Астана қаласын дамыту бағдарламасының жүзеге асырылу барысы мен 2010 жылға дейінгі даму келешегі туралы баяндама жасады. Ө.Шөкеев әлемдегі алдыңғы қатарлы астаналардың даму тәжірибесін қарастыра келе алдағы уақытта атқарылатын жұмыстың стратегиялық төрт бағытын айқындағанын мәлімдеді. Олар: біріншісі – қала экономикасының әртараптандырылуы, яғни қазіргі кездегі қала құрылысының жай-күйі және ақпараттық технологиялар, биотехнологиялар, телекоммуникациялар, медицина және туризм саласларындағы кластерлерді дамыту; екіншісі – қаланың сапалы инфроқұрылымын және экологиялық тазалығын қамтамасыз ету; үшіншісі – қаланың әлеуметтік-тұрақты қоғамын қалыптастыру, оның ішінде әлеуметтік ортадағы дамыған нысандар мен ішкі саясат саласындағы тұрақтылық; төртіншісі – қалалық басқару жүйесін жетілдіру мәселелері.

Кеңес барысында Денсаулық сақтау министрі Ерболат Досаев медициналық кластерді дамыту туралы, Білім және ғылым министрі Бірғаным Әйтімова ғылыми кластерді дамыту туралы баяндама жасады. Сондай-ақ кеңесте сөз алған “Қазақстан темір жолы” Ұлттық компаниясы” АҚ-ның президенті Ерлан Атамқұлов “Қазақстан темір жолы” Ұлттық компаниясының жаңа әкімшілік ғимаратының құрылысы туралы, “Базис-А” корпорациясының президенті Александр Белович, “KUAT” корпорациясының президенті Олег Нам, “Хайвилл-Қазақстан” компаниясының бас директоры Хван Ин Сих және “Сембол Иншаат” АҚ басқару кеңесінің төрағасы Феттах Таминдже елорданың жаңа әкімшілік орталығында бой көтеретін жаңа нысандар, оның ішінде “Министрліктер үйі” ғимараты мен “Хайвилл” тұрғын үй кешенінің және “Бейбітшілік және келісім сарайының” құрылысы туралы әңгімелеп берді.

Нұрсұлтан Назарбаев қала башылығының алдына 2006 жылға арналған бірқатар міндеттер қойды. Оның ішінде: көлік жүйесін қарқынды дамыту, жаңа жолдарды жоспарлау және салу, инженерлік коммуникация жүйесін дамыту, қаланы ұзақ мерзімге ауыз сумен қамтамасыз ету, 3-ші жылу энергия орталығын салу мәселелерін қарастыру.

Мемлекет басшысы мемлекеттіктік тұрғын үй бағдарламасы шеңберіндегі тұрғын үй құрылысы мәселелеріне баса назар аударды. Елбасы сондай-ақ қаланы көгалдандыру мен көріктендіру ісіне  көп көңіл бөлді. Еліміздің танымал әрі талантты өнерпаздарын қолдау қажеттігін баса айтты.

- Біздің басты мақсатымыз – халықтың өмір сүру деңгейін көтеру. 2030 жылға қарай Астана әлемнің бәсекеге қабілетті 30 қаласының қатарына кіруі керек. Көпұлтты халқымыздың басын біріктіретін, мақтанышы боларлықтай биікке самғаған қала салуымыз керек, - деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысының сөйлеген сөзінің толық мәтінін мына жерден қараңыз.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар