Жаңалықтар

28 қыркүйек 2018
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Қызылорда облысына жұмыс сапарымен барды
Қызылорда қаласы

Сапар барысында Мемлекеттік хатшы Қызылорданың 200 жылдығына арналған мерекелік іс-шараларға қатысты.

Г.Әбдіқалықова Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың салтанатты іс-шараға қатысушыларға арналған құттықтауын оқып берді. Онда Қызылорда өңірі ежелден қазақ ұлтының ұйысқан ордасы болғаны, бүгін де сол мәнін сақтап отырғаны атап өтілген. Қобыз атасы – Қорқыт бабамызға топырақ осы даладан бұйырды. Бұл жерде қазақ жыршылық өнерінің мектебі қалыптасты. Сырдарияның жағасында жоғары дамыған қалалардың пайда болуы кездейсоқ емес. Еліміздің тұңғыш мәдени-ағарту орталығы болған Қызылорда облысы бүгінде Қазақстанның дамыған өңірлерінің біріне айналды. Қазіргі Қызылорда – Тәуелсіздіктің және бірліктің символы.

Қазақстанда еліміздің Үшінші жаңғыруы ауқымды түрде жүзеге асырылуда. Оның маңызды басымдықтарының бірі – «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы. Осы бағдарлама аясында «Smartcity» тұжырымдамасы әзірленді.  Мұнда «ақылды» және өмір сүруге ыңғайлы қала қалыптастыруды көздейтін негізгі бағыттар, жобалар мен шешімдер қамтылған. Биыл Қызылорда облысы ақылды басқару тәжірибесі сыннан өтетін аймақ болып белгіленді. Осы мақсатпен 33 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Жұмыс сапары барысында Мемлекеттік хатшы бірқатар әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысты. Г.Әбдіқалықова «Рухани жаңғыру» облыстық орталығының салтанатты ашылу рәсіміне қатысты, сондай-ақ Ә.Тәжібаев атындағы кітапхананың IT-паркін, Назарбаев зияткерлік мектебін,  Достық үйін аралап көрді.

Мерекелік іс-шарадан соң еліміздің белгілі әртістері мен жетекші өнер ұжымдарының қатысуымен үлкен гала-концерт өтті.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар