Сөйлеген сөздер мәтіндері

8 қазан 2018
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықованың «Халық туралы және халыққа арналған бағдарлама» атты мақаласы

Америкалықтар аса құрмет тұтатын президенттің бірі Авраам Линкольннің бір кезде: «Демократия – халыққа арнау арқылы халықты басқару» дегені қанатты сөзге айналды.

Осы бір белгілі тәмсілдің өңін сәл айналдырып, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты жолдауы шын мәнінде халыққа жолданған халық туралы және халыққа арналған бағдарлама екендігімен құнды дер едім.

Елбасының үндеуі – 2050 жылға дейінгі Стратегияның, Ұлт жоспарының, елдің Үшінші жаңғыруының жалғасындай жүйелі де нақты құжат. Оның мазмұны халықтың көкейіндегі өзекті жайттарға классикалық «кері байланыс» форматында берілген сындарлы әрі толымды жауап болып саналады.

Бүкіл құжаттың өн бойында сымдай тартылып, үйлесімді түрде байланыстырып жатқан басты басымдық – қазақстандықтардың әл-ауқатын өсіру.

Кең саяси-экономикалық айналымға тұңғыш рет «қолма-қол ақшасыз экономика» ұғымын енгізе отырып, Мемлекет басшысы халықтың әл-ауқатының басты факторы ретінде жалақыны өсіруге баса назар аударады. Ол үшін 1,3 млн. адамның еңбекақысының ең төменгі мөлшерін 1,5 есе – 28-ден 42 мың теңгеге дейін арттыруды тапсырды.

Сондай-ақ халықтың көкейтесті мәселесіне айналған тағы бір түйткілді назардан тыс қалдырмаған. Әңгіме тұрғынүй-коммуналдық шаруашылығындағы жағдайды реттеу жөнінде. Бұл тұста да Президент ұтымды ойлайтын нағыз нарықшы кейпінде көріне білді. Ол ешқашан да бос сөзге үйір болып,  саясаттағы әртүрлі айғайшылардың айтағына ерген емес. «Алдымен – экономика, содан кейін ғана – саясат» деген әйгілі ұстанымы бұл құжатта да айқын аңдалады. Сондықтан қазіргі экономиканың күретамыры болып саналатын шағын және орта бизнеске қолдау көрсете отырып, табысты болған «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасын жалғастыруды тапсырды.

Біздің саяси-экономикалық тұрғыдағы тілдік қорымызға Президент қосқан тағы бір ұғым – «қарапайым нәрселер экономикасы». Талай отбасы отандық экономиканың көпшілік тұтынатын тауарлармен халықтың қарапайым сұранысын да өтеуге қабілетсіздігі туралы дастархан басында үнемі  талқылап жататыны ешкімге жасырын емес. Қазіргі кезде біздің аз мәзірімізде шекараның сыртынан келген азық-түлік көп,  жұрттың біразы тіпті тек шетелдік киім киеді деуге болады. Енді ішкі нарықты отандық тауармен толтыру жөнінде тапсырма беріліп отыр. Ол үшін алдағы 3 жыл бойы қосымша тағы 500 млрд. теңге бөлінетін болады.

Ауыл шаруашылығы – біздің экономикамыздың дәстүрлі діңгегінің бірі. Мемлекет басшысы таяудағы 3 жылда жылына 100 млрд. теңгеден кем емес қаражат бөліп, оны жаппай заманауи агротехнология әкеліп енгізуге жұмсауды тапсырды.

Ауылға қатысты, сондай-ақ экономиканың басқа да салаларын қамтитын бұл қадамдар жан-жақты талдауға,  істің мән-жайын терең ұғынуға, алдын ала стратегиялық байыптауға  негізделген және әрдайым бір-бірімен бекем байланысып, сабақтасып жатыр. Айтыңызшы, Президентіміз сияқты бүкіл Қазақстанды ұзынынан көлденеңіне дейін түгел аралап шыққан адам елде көп деп ойлайсыз ба?!

Айрықша айта кеткім келетіні, Мемлекет басшысы «болашақтың экономикасын» дамыту контексінде еліміздегі жоғары білім берудің көш бастаушысы – Назарбаев Университетіне Үкіметпен бірге баламалы энергетика, жасанды интеллект, блокчейн және т.б. жөніндегі арнаулы жобалар туралы әзірлеу, өзге де бағыттар бойынша, сірә, алғаш рет тапсырма беріп отыр-ау. Бұл жаһандық үрдістер аясында дамып жатқан ғылым мен практиканың берік синтезіне негізделген біздің экономикамыздың заманауи сипатын тағы да айқын көрсетеді.

Жолдаудың миссиясы басты байлығымыз – адамды дамытуға келіп саяды. Оның тәрбиесі, білімі, қалыптасуы – негізінен мұғалімдердің иығындағы жүк. Педагог тұлғасы қол жетпестей биік көрініп, барша құрмет тұтқан кездер Қазақстан қоғамының есінде. Президенттің тағы бір тапсырмасы «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылдау – халықтың мұң-мұқтажын тап басып білу, әбден таптаурын болған тақырыпқа берілген айқын жауап. Бұл міндет  – елімізде жүріп жатқан «Рухани жаңғыру» үдерістерінің маңызды қырының бірі.

Жолдауда жоғары білім беруге (Назарбаев Университетінің үлгісімен өңірлік жаңа жоғары оқу орнын ашу), денсаулық сақтауға (Тауарлар мен көрсетілетін қызмет сапасын және қауіпсіздігін бақылау комитетін құру), өмір сүруге жайлы орта қалыптастыруға («7-20-25» бағдарламасы бойынша бастапқы жарнаны ішінара субсидиялау), қауіпсіздікке («Ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі «Жол картасын жасау») және т.б. салаларға  қатысты өзге де да маңызды шешімдер бар.

Алайда, мен төмендегідей негізгі бірер жайтқа ғана тоқталып өткім келеді:  

Бірінші. Құқық үстемдігі. Президент мұны реформалардың табысты болуының басты факторы ретінде атады.

Екінші. Реформаларды жүзеге асырудағы мемлекеттік аппараттың маңызды рөлі. Мемқызметшілер үшін ең басты міндет – халықтың әл-ауқатын арттыру.

Үшінші. Ұлттық жаңғыру офисін құру. Ол реформалар мен негізгі стратегиялық құжаттардың жүзеге асырылу барысына мониторинг жүргізіп, баға беріп отыруға тиіс.

Сөзімнің соңында Жолдаудың жүзеге асырылуының рухани өзегі қызметін атқаратын бір мәнді жайтты айта кеткім келеді. Ол – әр қазақстандықтың реформалар үдерісімен синергиясы. Соның аясында – жастар мен отбасыларға кешенді қолдау көрсету. Келер жылдың Жастар жылы болып жариялануы – болашаққа деген бүгіннен бастау алатын көзқарас!

Қазақта: «Тіршілік тұтқасы – тұрмыс» деген даналық сөз бар. Ендеше бар күш-жігерімізді, білім-білігіміз бен тәжірибемізді баршаның әл-ауқатын арттыру жолына жұмсайық! 


Барлық cөйлеген сөздер мәтіндері
 
Басқа cөйлеген сөздер мәтіндері
Барлық cөйлеген сөздер мәтіндері