Жаңалықтар

14 мамыр 2019
Қазақстан Президенті Қызылорда қаласындағы көпсалалы балалар ауруханасына барды
Қызылорда қаласы

Мемлекет басшысы Қызылорда облысына жұмыс сапары аясында 2017 жылы пайдалануға берілген мекеменің жұмысымен, ондағы балаларды емдеу және сауықтыру үшін алынған заманауи медициналық құрылғылардың жұмысымен танысты.

Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев балалар ауруxанасының медициналық қызмет көрсететін кабинеттерін аралап көріп, дәрігерлермен әңгімелесті.

Еркін әңгімелесу барысында Қазақстан Президенті бала денсаулығын жақсарту ісі мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі екенін атап өтіп, бұл бағыттағы жұмыстар жандана түсетінін айтты.

– Сіздердің күнделікті жұмыстарыңыздың оңай емес екенін жақсы білемін. Балаларды емдеп, халықтың алғысына бөленіп жүрсіздер. Еңбектеріңіз елене берсін! – деді Мемлекет басшысы.

Соңында Қасым-Жомарт Тоқаев медицина мекемесі ұжымының жұмысына табыс тіледі.

***

Балаларға кәсіби, стационарлық және диагностикалық көмек көрсетуге бағытталған ауруxананың жалпы аумағы 24436 шаршы метр. Медициналық мекемеде xирургия, терапия, зерттеу жүргізу, ота жасау блоктары, сәулемен емдеу және физиотерапия бөлімшелері бар. Ұйымда 500-ден астам персонал қызмет етеді.


Барлық жаңалықтар
 
Өзге жұмыс сапарлары
Барлық жұмыс сапарлары